АСТАНА, 11 қазан - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайда өткен XIX жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев спортшыларды жүлделерімен құттықтады. Сондай-ақ жуырда Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғанын еске салды.
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Азиада ойындарына келер болсақ, бәсеке өте жоғары болған жарыста Қазақстан құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Спортшылар нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.
Президент спортшыларымыздың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды. Осы орайда мемлекет басшысы спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет, – деді президент.
Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.
Глава государства принял призеров Азиатских игр
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек", – деді Тоқаев.