АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Астанада қызметтен шеттетілген жеке сот орындаушылары жарты жыл бойы алимент төлеуге арналған ақшаны ұрлап жүрген, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Екі жеке сот орындаушысының қызметтері тоқтатылған болатын. Соған қарамастан, екеуі алты ай бойы 87 балаға алимент төлеуге арналған ақшалай қаражатты қалтаға басқан.
"Мысалы, біреуі II топтағы мүгедек әкенің әлеуметтік жәрдемақы есебінен балалар үйіндегі екі баласына аударған алимент төлемдерін жымқырған. Ал екіншісі қайтыс болған алимент төлеушінің банктік шоттынан ақшаны шешіп алып, оны өзінің қалауымен жұмсаған", - дейді бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай.
Жалпы, екеуі жарты жылдың ішінде 5 млн теңгені қолды қылған. Қазіргі кезде 34 баланың ақшасы қайтарылды.
Прокурорлар алаяқтық және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.