АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Алматы облысының Ұйғыр ауданына туристер көп келеді. Бұл аймақ Шарын шатқалымен және ыстық арасанымен әйгілі. Алайда аудандағы республикалық, аудандық маңызы бар жолдар бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Sputnik Қазақстан тілшісі өңірге барып қайтты.
Ұйғыр ауданы 1934 жылы құрылған. Орталығы – Шонжы ауылы. Бұл ауданда 14 ауыл бар.
Алматы облысындағы туристік аумақтың жолы бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген
© Sputnik / Айдана Дайырова
Дәл осы Шонжыдан 50 шақырым жерде емдік қасиетімен әйгілі ыстық арасан бар. Атақты Шарын шатқалы да осы ауданда орналасқан. Бұдан бөлек Сары тоғай туристер үшін таптырмас демалыс орны. Алайда аудандағы республикалық және аудандық жолдардың сапасы сын көтермейді. Ойдым-ойдым жолдарды тары шашқандай етіп, тек жамаумен келеді.
"Мен міне қырыққа келдім, бір де бір рет жолды күрделі жөндеу жасағанын көрмедім. Туристік аймақ деп мақтанамыз, бірақ соның пайдасын көріп отырған жоқпыз", - дейді Шонжы ауылының тұрғыны Асқар Тоқмырзаев.
Жалпы Ұйғыр ауданындағы қай тұрғынды сөзге тартсаң да айтары бір, ол – сапасыз жолдар.
Туристік аймақ демекші, мұнда келетін туристер жылдан-жылға артып келеді. Ал ыстық арасанға баратындар қыста да толастаған емес.
"2022 жылы ауданға туристік сапармен 62 170 адам келді. Ал биыл 8 айда 68 188 турист келді. 181 млн 655 мың теңгеге қызмет көрсетілді", - дейді Ұйғыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудандағы республикалық және аудандық маңызы бар жолдардың бір де бір рет күрделі жөндеу көрмегенін әкімдік мамандары да растап отыр.
"Ұйғыр ауданында жалпы барлығы 102 шақырым республикалық маңыздағы жол бар. Бір де бір рет күрделі жөндеу көрмегені рас. Биыл 30 шақырымын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындаған. Бірақ небәрі 4 шақырымына ғана орташа жөндеу жасалды, қалғанына ақша болмағандықтан сол күйі жасалмай қалып қойды", - дейді Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Хусуров.
Аудан тұрмақ, орталығы Шонжының да жолдары сын көтермейді.
Алматы облысындағы туристік аумақтың жолы бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Шонжыда жалпы 530 млн теңге бөлініп, биыл 150 млн теңге игерілді. Бұл 2023-2024 жылға арналған жоба. Бұл қаражатқа мектептің айналасындағы жолдар жасалды. Қалған қаражат біртіндеп игеріледі", - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы кейбір шағын жолдар орташа жөндеуден өткізілген.