Министрлік Екібастұзда тағы бір жылу электр станциясын салуды қолдап отыр

Жандос Нұрмағанбетов халықтың саны көбейіп, электр энергиясы мен жылуды тұтыну көлемі артып жатқанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Энергетика министрлігі Екібастұзда көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясының құрылысын қолдайды. Бұл туралы вице-министр Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Самұрық-Энерго" компаниясы Екібастұз қаласында көмірмен жұмыс істейтін тағы бір жылу-электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
"ГРЭС-3" саламыз дейді. Негізі станция салу керек. Себебі халықтың саны да, өндірістің көлемі де өсіп келеді. Электр энергиясы мен жылуды тұтыну көлемі артып жатыр. Оны немен жабатынымызды қазірден бастап ойластыру керек. Сондықтан біз осы шараларды қолдауға дайынбыз", - деді Нұрмағанбетов.
Оның айтуынша, жаңа ЖЭС-тың құжаттары министрліктің қарауына енгізілген жоқ. Бірақ ол нысанның көмірмен жұмыс істейтіні анық.
"Енді "Самұрық-Энерго" Екібастұзда "Богатырь" разрезінің 50 процентіне иелік етіп отыр ғой. Үлкен қоры бар, жылына 40-50 миллион тонна көмір қазады. Соны Екібастұздың жанында неге қолданбасқа? Кен орнында көп адам жұмыс істейді, көмірі де арзан. Станцияның бағасы қолжетімді болса, оны салған дұрыс деп ойлаймыз", - деп атап өтті вице-министр.
Нұрмағанбетов Екібастұзда жаңа жылу электр станциясы салынса, барлық экологиялық талап сақталатынын ерекше атап өтті. Бүгінде қажетті технологиялар бар.
Айта кетері, бұған дейін "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңа станцияны салу қажеттігін айтқан. Ол нысан Үлкен ауылында, я болмаса, Екібастұзда салынуы мүмкін. Себебі АЭС-ке дейін әлі біраз уақыт бар. Ал энергияға сұраныс артып келеді.
"АЭС-ке дейін біраз уақыт бар": Үлкенде тағы бір электр станциясы салынуы мүмкін