АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров "БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтау – халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі" атты мақаласында қазір әлем күрделі өзгерістерге қарай бет алғанын, батыстағы мемлекеттер БҰҰ жарғысының қағидаларын өрескел бұзып жатқанын, қазіргі Украинадағы ахуалға кімдер ықпал етіп отырғанын жазды.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жақында ғана өткен жалпысаяси пікірталас әлемде түбегейлі, тектоникалық өзгерістер болып жатқанын сенімді түрде растады. Біздің көз алдымызда әлемнің мәдени және өркениеттік әртүрлілігін көрсететін жаңа, әділетті көпполярлы әлемдік тәртіп құрылып жатыр. Әлем халқының 85%-ын құрайтын дүниежүзілік көпшілік жаһандық игіліктерді әділ бөлуді және өркениеттік әртүрлілікті құрметтеуді, халықаралық өмірді біртіндеп демократияландыруды жақтайды", - деп жазды Лавров.
Ол екінші жағынан АҚШ бастаған Батыс мемлекеттерінің шағын тобы бұл бағыттағы әрекетті бәсеңдету және өз үстемдігін сақтау үшін тырысып жатқанын да айтты. Ол америкалықтар мен олардың еуропалық одақтастары түрлі міндеттемелерді өз мойындарына алып, тиісті құжаттарға қол қойғанымен, оларды сақтамайтынын да еске салды.
Лавров мақаласында қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін, КСРО Германияны біріктіруде және қауіпсіздіктің жаңа еуропалық архитектурасын келісуде шешуші рөл атқарған кезде, Кеңес Одағына, содан кейін Ресей басшылығына НАТО-ны Шығысқа қарай кеңейтпеуге қатысты нақты кепілдіктер берілгенін айтады.
"Бірақ Батыс басшылары бұл уәдесін орындауды ниететпеді. Олар НАТО-ны Ресей шекарасына жақындату арқылы 1999-2010 жылдардағы ең жоғары деңгейде жасалған келісімдерді өрескел бұзғандарына ешқашан қысылған жоқ. ЕҚЫҰ аясындағы бұл міндеттемелер өз қауіпсіздігін басқалардың қауіпсіздігі есебінен нығайтпау және Еуропада қандай да бір елдің, елдер тобының немесе ұйымдардың әскери-саяси үстемдігіне жол бермеуді қарастырды. Сондықтан НАТО жасамауға уәде берген әрекеттерді табандылықпен жасап жатыр", - дейді ресейлік министр.
Лавровтың айтуынша,2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың басында Украинаның блоктан тыс мәртебесін өзгертпестен АҚШ және НАТО-мен Еуропадағы өзара қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімдер жасасу туралы ұсыныс қабылданбаған. Батыс Киев режимін милитаризациялауды жалғастыра берген.
"НАТО "Еуро-Атлантикалық және Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігі бөлінбейді" деген ұранмен блоктың жауапкершілік аймағын бүкіл Шығыс жарты шарға кеңейту әрекеттері қауіпті болды. Осы мақсатта Вашингтон өз бақылауындағы АУКУС, АҚШ – Жапония – Корея Республикасы "үштігі" және Токио – Сеул – Канберра – Веллингтон "төрттігі" сияқты әскери-саяси шағын альянстарды құруда. Мұндай альянстарға қатысушыларды Тынық мұхиты аумағында инфрақұрылымын енгізетін НАТО-мен практикалық кооперацияға тартады", - деп жазылған мақалада.
Сергей Лавровтың пікірінше, Батыс өзінің бұл әрекеттері Ресей мен Қытайға қарсы бағытталғанын да жасырмайды.
"Батыстың билеуші элитасы БҰҰ Жарғысын бұза отырып, басқа елдерге мемлекетаралық байланыстарды кіммен және қалай дамыту керектігін айтатын жағдайға жетті. Негізінде оларды ұлттық мүдделер мен тәуелсіз сыртқы саясат құқығынан айырды. Олар "БҰҰ мемлекеттердің егеменді теңдігіне негізделген" деген ұйымның негізгі қағидасын ескермейді", - дейді ресейлік сыртқы саяси ведомство басшысы.
Мақалада жазылғандай, аталған қағида көлеміне, басқару нысанына, саяси немесе әлеуметтік-экономикалық құрылымына қарамастан барлық елге әлемдегі лайықты орын беруді көздейді. Алайда Батыс әлемді бәріне рұқсат етілген "демократияға", ал қалғандарын үстемдік етушілердің мүддесіне қызмет етуге міндетті елдерге бөлуге тырысып жатыр.
"БҰҰ Жарғысының VIII тарауының 52-бабында аймақтық ұйымдардың көмегімен дауларды бейбіт жолмен шешу тәжірибесін дамыту қажеттілігі бекітілген. Осы қағидаға сәйкес Ресей өзінің одақтастарымен бірге Еуропадағы қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі туралы ЕҚЫҰ саммиттерінің шешімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал ету үшін ҰҚШҰ мен НАТО арасында байланыс орнатуды дәйекті түрде қолдап келеді. Алайда ҰҚШҰ-ның жоғарғы органдарының Солтүстік Атлантикалық альянсқа жолдаған көптеген үндеуі еленбеді", - деп жазды Лавров.
Оның пікірінше, егер НАТО ҰҚШҰ-ның ынтымақтастық туралы ұсыныстарынан бас тартпаса, бұл қазіргі еуропалық дағдарысқа әкелген көптеген келеңсіз процесті болдырмауға мүмкіндік берер еді.
"Жаңа әлем құрудың негізі бар және оған негіз – БҰҰ Жарғысы. Қазір ең бастысы оның жойылуына жол бермеу, оларды тұтастай және барлық елдің өзара байланысуы арқылы орындалуына қол жеткізу. Әлемдік қауымдастық мүшелері БҰҰ Жарғысы бойынша өз міндеттемелерін практикалық іс-әрекетке айналдыруға бел байласа, адамзат бірполярлық дәуірді тоқтатуға мүмкіндік алады", - деп түйіндеді Лавров.