Бақытжан Базарбек қайтарылған активтерден түскен ақшаны Ұлттық қорға аударуды ұсынды

Үкімет қайтарылған активтерден түскен ақшаны арнайы құрылатын мемлекеттік қорға аударуды жоспарлап отыр
Sputnik
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек заңсыз иемденілген активтерді сатудан түскен ақшаны арнайы қорға емес, Ұлттық қорға аударуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, үкімет елге қайтарылған активтер үшін Ұлттық қордан бөлек арнайы қор құруды жоспарлап отыр. Олар қор жұмысы және оған түсетін қаражат ашық болады деп сендірді. Алайда мәжілісменнің бұған күмәні бар.
"Арнайы қор қалай басқарылады, ол ертең ашық бола ма, жабық бола ма, біз оны білмейміз. Сондықтан елді заңсыз тонап, халықтың дүние-мүлкін, жерлерді, зауыт-фабрикаларды иеленіп алған олигархтар мен сол билік басында отырғандардың дүние-мүлкін ең алдымен сауда-саттыққа енгізіп, ақшаны Ұлттық қорға түсіру керек. Арнайы қордың соңғы мақсаты не болатыны түсініксіз. Ұлттық қор бар ғой, қаражат соған барып түссін", - дейді Базарбек мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің таныстырылымынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.
Депутат бүкіл халық порталдан қайтарылған активтерден қанша ақша түсіп отырғанын көруі керек деп санайды.
"Ал ертең әкімдер бюджетті орындамай, салдарынан бір кемшіліктер орын алса, бюджетті дұрыс жоспарламай немесе ақшаны оңды-солды шашып, соны жамауға жұмсалса, мен мұны заңсыз активтерден түскен ақшаны талан-таражға салу деп есептеймін", - дейді ол.
Базарбек активтерді қайтарудан түскен ақша балаларға, денсаулық сақтауға және білім беруге жұмсалуы керек деп санайды.