АЛМАТЫ, 10 қазан – Sputnik. Алматыда түнгі клубта есірткімен ұсталған блогер 10 жылға сотталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері биыл сәуірде Алматының Медеу ауданында орналасқан барлардың бірінде арнайы іс-шара жүргізген.
"Түнгі сағат екіде түнгі клубта 19 жастағы Т.есімді азамат ұсталды, оның оң жақ шалбарының қалтасынан көк түсті изолентаға оралған, ұнтақ пен кесек пішінді, ашық түсті синтетикалық зат салынған үш түйіншек табылды. Бұл мефедрон есірткісі екені анықталды", - дейді ведомство.
Заттың нақты кімдікі екендігін анықтау үшін сот-химиялық сараптама жасалған. Ал ұсталған блогер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 19 жастағы Т.есімді азамат ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды", – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.