Ерлі-зайыптыны ұрған Дәулет Тұрлыхановтың ұлы айыппұлмен құтылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. Әскери қызметші ерлі-зайыптының денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Алматы әскери соты.
Алматы гарнизоны әскери сотында Дәулет Тұрлыхановтың баласының бұзақылық әрекетіне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.
"Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiріп, айыпталған сотталушы Б-ға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтары негізінде қаралды", - дейді әскери сот баспасөзі.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен дәлелденген.
Прокурор Дәулет Тұрлыхановтың баласына 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындаған.
Сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар деп сот оның жасын, кінәсін мойындауын, соттылығының жоқтығын, татуласуға және зиянды өтеуге деген ұмтылысын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
"Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталған адамның жеке басын ескере отырып, сотпен 1 725 000 теңге сомасына айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар сотталушы Б.-дан жәбірленуші тарапқа 1 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді", - деп мәлімдеді әскери сот.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Еске сала кетейік, оқиға биыл 11 ақпанда сағат 02.00 шамасында "Ева" түнгі клубының жанында болған.