АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Қызметкерінен туберкулездің ашық түрі анықталған Петропавлдағы балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары балалар ғимаратта болған кезде дезинфекция жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүкіл қаланы дүр сілкіндірген бұл жағдай "Балдәурен" балабақшасында болды. Балабақшада 2022 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп, диеталық тамақтану жөніндегі медбике және бассейн медбикесі қызметін атқаратын қызметкерге туберкулездің ашық түрі диагнозы қойылды. Онсыз да наразы болған ата-аналар бұл жағдай анықталған соң туберкулезге қарсы дезинфекциялық шаралар балалар бөлмеде болған кезде жүргізілгеніне шамданып жатыр.
Петропавл қаласындағы "Балдәурен" балабақшасының қызметкері туберкулездің ашық түріне шалдыққан
© Sputnik / Елена Бережная
Балабақша тәрбиеленушісінің анасы Әсел Әбутәліпова журналистерге берген сұхбатында ата-аналарға қызметкердің ауруы туралы ғана емес, дезинфекциялау жұмыстары туралы да хабарланбағанын айтты.
"Балалар ұйықтап жатқанда 5 қазанда бақшада дезинфекция жүргізілді. Ойын бөлмелерінде, спорт залында, бассейнде – барлық жерде жүргізілген. Яғни, балабақша балаға толы болған кезде олар күшті улы химикаттармен дезинфекция жүргізген. Ашығын айтқанда, балаларымызды улаған", – дейді ол.
Ата-аналарды тыныштандырып, мән-жайды түсіндіру үшін балабақшаға облыстық білім басқармасының басшысы, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен дезинфекциялық орталықтың өкілдері келді.
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы мен санитарлық қызмет өкілдері ата-аналарды тыныштандыруға тырысты
© Sputnik / Елена Бережная
"Балабақша қызметкерінен туберкулез ауруы анықталды. Бірден арнайы комиссия құрылып, қазір балабақшада жұмыс істеп жатыр. Қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді. Балабақшаға 4 қазанда бұл туралы ақпарат келіп түсті. Теориялық тұрғыдан олар дереу бұл туралы ата-аналарға хабарлауы керек еді. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінің хабарламаларынан кейін дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Комиссия жұмысынан кейін барлық лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беріледі", - деп түсіндірді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
"Балдәурен" балабақшасының директоры Мәдина Дарбаева
© Sputnik / Елена Бережная
"Балдәурен" балабақшасының директоры Мәдина Дарбаева қызметкердің ауруы туралы ол профилактикалық тексеруден өткенде ғана білгенін мәлімдеді. Медбике туберкулездің жасырын түрімен ауырғандықтан, оның қалтырау, жөтел, әлсіздік секілді белгілері болмаған.
"Балалар бөлмеде болмаған кезде дезинфекция жүргізілді. Балалар жатын бөлмеге оқшауланды. Бассейн, жуынатын бөлмелер, дәліздер, ойын бөлмелері өңделді. Біз қауіптіліктің 4-сыныбына жататын препаратты қолдандық, яғни қауіптілігі төмен. Біздің дезинфекциялық шараларымыздан кейін мекеме қызметкерлері сабынды су ерітіндісімен жалпы тазалау жұмыстарын жүргізіп, бөлмелерді желдетті", - деп түсіндірді облыстық дезинфекциялық орталық филиалы директорының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев.
Дезинфекциялық орталықтың өкілі нұсқаулыққа сәйкес өңдеу кезінде адамдардың көрші бөлмелерде болуына рұқсат етілгенін айтты. Алайда бұл түсініктемелер ата-аналарды тыныштандырмады, керісінше, жиналғандарды одан сайын ашуландырды.
Ашуланған ата-аналар
© Sputnik / Елена Бережная
Ата-аналар жиналысына балалар фтизиатры да шақырылды. Ол ата-аналарға балалардың дүйсенбі күні толық тексеруден өтетінін мәлімдеді.
"Мұндай жағдайда науқаспен қарым-қатынаста болған барлық адам тексерілуге тиіс. Манту сынағы жүргізіледі – бұл 15 жасқа дейінгі балаларға арналған диагностикалық тест. 15 жастан үлкен балаларға флюорография жасалды. Егер тест оң нәтиже көрсетсе, онда келесі тексеру - диаскинтест жүргізіледі. Егер бұл сынақ теріс нәтиже көрсетсе, онда бала сау, оң болса, қосымша тексерулер, УДЗ жүргізіледі", - деп түсіндірді балалар фтизиатры Айнагүл Бабасанова.
Сонымен қатар балабақша қызметкерлері де туберкулез бойынша тексеріледі. Дүйсенбі күні балабақшаға жылжымалы флюорограф келіп, барлық қызметкер флюорографиядан өтеді.