АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Келесі жылдан бастап баланың оқуына қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік беретін "Келешек" ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Жаңа жүйе қазіргі "AQYL" депозитіне ұқсас. Бірақ олардың өз ерекшелігі бар. Sputnik Қазақстан қазіргі жинақтау жүйесі мен келесі жылы қолға алынатын бағдарламаның тиімді тұстарын ұсынады.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі не үшін енгізілді
Қазіргі кезде баланың оқуына қаражат жинау үшін кез келген банктен депозит ашып, есепшотқа ақша сала беруге болады. Алайда жай депозиттің бір кемшілігі сол, адам қаржылық қиындықтарға тап болса, есепшоттағы ақшаны шешіп алуы мүмкін. Сол себепті Қазақстанда 2013 жылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі енгізілген болатын. Соның аясында "AQYL" депозитін ашуға мүмкіндік бар. Ал есепшоттағы ақшаны 20 жыл бойы алуға тыйым салынған.
Депозиттің шарттары:
банктің ай сайынғы сыйақысының бөлек мемлекеттің жыл сайынғы 5 немесе 7 проценттік сыйақысы қосылады;
мемлекеттік сыйақы 100 АЕК-тен (345 000 теңгеден) аспайды;
ең төменгі бастапқы жарна – 3 АЕК (3 450 теңге);
жинақтау мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін.
Осы орайда айта кетері, 7 проценттік мемлекеттік сыйақы әлеуметтік осал топтарға ғана төленеді. Олар: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы отбасынан және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Ал 5 проценттік сыйақы Қазақстанның басқа азаматтарына төленеді.
"AQYL"-ды ашу үшін не істеу керек?
Бұл депозит жоғары білім және ғылым министрлігіне қарасты "Қаржы орталығы" АҚ-сы арқылы ашылады. Алдымен осы компанияға хабарласу керек. Одан кейін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысатын банктердің біреуін таңдап, депозит ашуға болады. Оған бірден бастапқы жарна салынады.
Қажетті құжаттар:
1.
Ата-ананың жеке куәлігі;2.
Баланың туу туралы куәлігі және ЖСН."Келешектің" шарттары
Келесі жылдан бастап Қазақстанда "Келешек" ынтымақты жинақтау бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. Бағдарлама қазіргі "AQYL" депозитіне ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы сол, баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады.
Бағдарлама шарттары:
бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге) түседі;
ата-ананның міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (3 450 – 10 350 теңге);
мемлекеттің 7 проценттік сыйақысы;
банктердің сыйақысы;
бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақша.
Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ата-аналар есепшотқа ай сайын 1 АЕК (3 450 теңге) салып отырса, бала 18 жасқа толғанда барлық қаржы көздерімен бірге шамамен 3,5 миллион теңге жиналады.
"Ал 3 айлық есептік көрсеткіш, ол 10 350 теңгенің шамасында, осы ақшаны ай сайын есепошотқа салып отырса, баланың 17-18 жасында 7,5 миллион теңге жиналып қалады. Бұл баланың болашақта жоғары білім алуына кепілдік болады", - дейді Нұрбек.
"Келешек" пен "AQYL"-дың тиімді тұстары
"Келешектің" басты артықшылығы – ақшаның көптеп жиналуы. Себебі есепшотқа бірнеше көзден ақша түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың ұлттық қордағы үлесі аударылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантқа түссе, ақшаны шешіп алуға болмайды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек баспана сатып алуға жұмсауға болады.
Ал "AQYL" депозитінің шарттары бойынша бала грантқа түскен жағдайда барлық ақшаны мемлекеттік сыйақысымен бірге шешіп алуға болады. Сосын ақшаны басқа баланың атына аударуға мүмкіндік бар. "AQYL" депозитінің ақшасын шетелдің колледждері мен жоғары орындарының ақысын төлеуге де рұқсат берілген.
"Келешек" енгізілсе, грант саны азаяды
Министрліктің мәліметіне сәйкес, бүгінде білім беру саласына жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр 4,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде Қазақстанда демографиялық жағдай жақсарып келеді. Оған қоса, елге көшіп келетін адамдардың саны да өсті. Ондайда бюджеттік шығындар көбейеді. Себебі барлығын біліммен қамтамасыз ету керек. Ал "Келешек" жинақтаушы жүйесінің арқасында әрбір ата-ана өз баласының оқуына ақша жететініне сенімді болды. Бюджет қаржысы да үнемделеді. Осылайша, 2037 жылдан бастап гранттарды бөлу тәжірибесінен бас тартып, жыл сайын 2 трлн теңгені үнемдеп отыруға мүмкіндік бар.
Алайда жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек грант беру жүйесі тоқтатылатынын жоққа шығарды. Бірақ білім гранттарының саны біртіндеп азаяды.
"2037 жылдан бастап гранттар тоқтамайды. Бірақ грант саны азаюы мүмкін. Біз жоғары білімге қолжетімділікті сақтап қаламыз, бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс болмайды. Бірақ гранттар саны өзгереді немесе азаюы мүмкін", - дейді Саясат Нұрбек.
Осылайша алдағы уақытта қазақстандықтар грантқа көп сене бермей, баланың оқуына алдын ала ақша жинауға дағдыланады.