Қоғам

Қытай әуе компаниясы Қазақстан арқылы Еуропаға жүк рейстерін ашады

Рейстер аптасына бес рет орындалады
Sputnik
АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Қытайлық Sichuan Airlines әуе компаниясы Қазақстанға техникалық қону арқылы Қытай мен Еуропа арасында жүк рейстерін ашады, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.
"2023-2024 жылғы күзгі-қысқы кезеңнен бастап Қытайдың "Sichuan Airlines" әуе компаниясы Қазақстанда техникалық қонумен Ченду – Алматы – Будапешт бағыты бойынша Қытай мен Еуропа арасында тікелей тұрақты жүк рейстерін ашуды жоспарлап отыр", - делінген хабарламада.
Рейстер аптасына 5 рет – сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Жүктер Airbus 330 типті ұшақтармен тасымалданады.
Комитет Қазақстан арқылы жүк рейстерін орындау еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетері, "Sichuan Airlines" – Ченду қаласындағы халықаралық әуежайда орналасқан әуе компания. 1986 жылы 19 қыркүйекте құрылды және 1988 жылы 14 шілдеде жұмысын бастады. Әуе компаниясының паркі Airbus 319, A320, A321, a321peo, A330, A350 типті 170-тен астам әуе кемесінен тұрады.
Әлемнің 25 еліне (Австралия, Жаңа Зеландия, Египет, БАӘ, Израиль, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Таиланд, Чехия, Дания, Италия және тағы басқа) 160-тан астам бағыт бойынша рейстер орындайды.
Қоғам
Алматыдан Дохаға әуе рейстері артады