АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Петропавлда балабақша қызметкерінің туберкулезбен ауыратыны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төтенше жағдай "Балдәурен" балабақшасында болған.
Облыстық білім басқармасының ақпаратынша, оларға балабақша қызметкерінен туберкулез табылғаны туралы ақпарат түскен.
"Осыған байланысты қызметтік тексеріс жүргізу үшін жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлері кірді. Алдын ала мәлімет бойынша, ауру жыл сайынғы профилактикалық тексеріс аясында анықталған", - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда қызметкер уақытша еңбеккке қабілетсіздігі негізінде жұмыстан шеттетілді.
Дезинфекция орталығының қызметкерлері балабақшаның барлық бөлмесін өңдеп шықты. Дүйсенбіден бастап балабақша ұжымы (техникалық және педагогикалық персонал) толығымен тексерістен өтеді. Ауырған қызметкермен байланыста болған балаларға манту сынамасы қойылады.
Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Бұл мәселе білім басқармасының бақылауында, деп сендірді ведомстводағылар.