АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Алдағы уақытта мектеп дәретханасында бейнекамералар орнатылуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі қазір бұл мәселенің кем-кетігін пысықтап жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Әуелі бұл сұрақ халық алдына ашық ұсынылып, қоғамдық талқылау жүргізіледі.
Үкімет мұндай қадамға соңғы кезде мектеп қабырғасында жиілеп кеткен буллинг кесірінен баруға мәжбүр. Жауапты сала өкілдері елімізде "әрбір бесінші оқушы қатарластарынан теперіш көреді" деген жаға ұстатарлық мәлімет таратып отыр. Соның барлығы дәл осы дәретхана ішінде жасалады екен. Себебі мектеп дәлізінде камералар әр бұрышта орналасқан. Бет-жүзіміз көрініп қала ма деп қорыққандықтан озбырлық әрекетін жүзеге асырғысы келетін оқушылар көбіне камерасы жоқ жер іздейді.
"Камераны дәретханада орнату мәселені шешкенімен, кешенді шешкен дұрыс. Осыған біз бағытталып отырмыз. Әрине, камераны дәретханаға орнату мәселесі арнайы мамандармен, сарапшылармен ақылдасуды талап етеді. Өйткені ол жеке адамның құқығына әсер ету. Мәселе ертең көтерілу керек. Әр нәрсені баппен, байыппен қараймыз", -дейді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.