Теледидарда тілге қатысты "50/50" қағидаты өзгереді – министр Балаева

Sputnik
АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева теледидарда тілге қатысты "50/50" қағидатының өзгеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде арнайы заң жобасы аясында телерадио арналардың мемлекеттік тілде хабар тарату көлемін 70 процентке дейін арттыру ұсынылып отыр. Себебі бұрынғы 50 проценттік меже ескіріп қалған.
"Осы орайда маңызды бір мәселені ескерген жөн, 50/50 қағидатын БАҚ туралы заңға енгізгеніне біраз уақыт болды. Сонау 1999 жылы заңға кіргізген. Ал 25 жылға жуық уақыттың ішінде көп нәрсе өзгерді, мемлекеттік тілге да, отандық контентке де сұраныс көбейді. Қазірдің өзінде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілде жасалатын контенттің үлесі 80 проценттен асып отыр. Бұдан бөлек, халықтың басым бөлігі мемлекеттік тілді біледі. Осыған байланысты мемлекеттік тілде телерадио бағдарламалардың санын 70 процентке арттыруға шешім қабылданды", - деді Балаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, осы шаралар біртіндеп атқарылады. 2025 жылдан бастап жыл сайын мемлекеттік тілдегі контентті 5 процентке арттырып отырады. Осылайша, төрт жылдың ішінде оның үлесі 70 процентке көтеріледі.
"Қазіргі кезде мәжілістің жұмыс тобы заң жобасын зерделеп жатыр. Оған шетелдік сарапшылар, Қазақстанның медиа қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып отырады ", - деп атап көрсетті министр.