Қыстың қамын жаз ойла: 332 мың тонна көктайғаққа қарсы материал әзірленді

9,6 мың арнайы техника және 22 мың жол қызметкерін жұмылдыру жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен селекторлық кеңес барысында жергілікті жолдардың қысқа дайындығы талқыланды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазақстандағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерінің жалпы ұзындығы 131 мың шақырымды құрайды, оның 70 мың шақырымы облыстық және аудандық жолдар.
Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 76 млрд теңге бөлінді.
"270 арнайы коммуналдық мекеме тартылды. Арнайы техниканың 9,6 мың бірлігі мен 22 мың жол қызметкерін жұмылдыру көзделген", - деп жазылған хабарламада.
Қыс мезгілінде қауіпсіз және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін 13 мың тонна жанар-жағармай және 332 мың тонна көктайғаққа қарсы материалдар әзірленді.
Атап айтқанда, 51 мың тонна тұз, 141 мың тонна құм, 139 мың тонна ұнтақ, 804 тонна реагент, 2,3 мың тонна бензин, сондай-ақ 10,3 мың тонна дизель отыны.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары қажетті қаражатты қарастыра отырып, автомобиль жолдарын дайындауға бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді.