АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Қазақстандық десантшылар автокөлік және броньдалған техникамен Алматыдан Қырғызстандағы полигонға аттанды. Олар ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерімен "Мызғымас бауырластық – 2023" бірлескен оқу-жаттығуларына қатысады, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Ұжымдық қауіпсіздік күштерінің бірлескен дайындығы Қырғыз Республикасы Қарулы күштерінің Балықшы қаласындағы оқу-жаттығу орталығының полигонында оқу-жаттығулар өткізуді көздейді, делінген ведомство хабарламасында.
Оқу-жаттығулар 6-13 қазан аралығында өтеді және оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскерилері қатысады.
"Оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – бейбітшілік операциясы кезінде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің әскери контингенттерінің үйлесімділігін арттыру", - деп атап өтті қорғаныс министрлігіндегілер.
Ведомствоның мәліметінше, оқу-жаттығуларға Қазақстан Қарулы күштерінен десанттық-шабуылдаушы әскердің жеке құрамы аттанды. Оқу-жаттығулар аясында қазақстандық әскери қызметшілер Алматыдан Балықшыға дейін автокөліктер мен броньдалған машиналарда өз күштерімен жетеді.