"Аңсаған сәби" бағдарламасы: медициналық сақтандыру арқылы 5000 бала дүниеге келді

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр
Sputnik
АЛМАТЫ, 6 қазан – Sputnik. "Аңсаған сәби" мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 5000 бала дүниеге келді, деп хабарлады медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылатын "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінген.
ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады, жолдаманы қайдан алу керек, оны қай клиникалар жасайды деген сынды көпшілікті мазалаған сұрақтарға МСҚ Алматы қалалық филиалы жауап берді.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Оған қазақстандық отбасылар қатыса алады. Талап бойынша жұптардың жасы 18 бен 42 жас аралығында болуға тиіс және медициналық өлшемдерге сай болуы қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Бағдарлама сәтсіз болған жағдайда кезекке қайта тұра алады.

МӘМС арқылы ЭКҰ жасайтын клиникалар тізімін қайдан табуға болады

Қазір елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Жыл сайынғы квота аймақтардың сұранысына қарай бөлінеді. ЭКҰ жасау көрсеткіші жағынан Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Атап айтсақ, Алматыда МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру жасалды.
Пациент клиниканы өздігінше таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтындағы "Пациент үшін", ары қарай "Клиниканы таңдау" батырмасын басып, "ЭКҰ қызметін көрсететін медициналық ұйымдар тізбесін" ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.

ЭКҰ-ға жолдаманы қалай алады?

Бұл процедура МӘМС аясында жасалады. Сондықтан квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуға тиіс.
Алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың консультациясына баруы керек. Оған жолдаманы емханадағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң, пациенттің денсаулық көрсеткіштері ЭКҰ жасауға сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған соң жұп кезекке тұрады.
2021 жылдан бері жыл сайын 7 мың ЭКО процедура МӘМС есебінен қаржыландырылып келеді. МСҚ мәліметінше, осы жылдың бірінші жартысында 4 мыңнан астам жасанды ұрықтандыру жасалған. Оған 5 млрд жуық қаржы жұмсалыпты.
ҚР ДСМ мәліметі бойынша, "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері 5000 нәресте дүниеге келді.

Жасанды жолмен ұрықтандыруға қанша қаражат жұмсалады?

Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 млн теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді.

Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?

Дәрігерлер әйелді медициналық тексеру барысында бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық аурулар, аналық без ісіктері, өткір қабыну белгілері мен кез келген ісік табылған жағдайда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жасалмайды.