АЛМАТЫ, 5 қыркүйек - Sputnik. ЕАЭО елдері ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойма куәліктері туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің онлайн саудасын дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі.
Келісім қойма куәліктеріне қойылатын талаптарды айқындайды.
"Бұл келісім қойма куәліктерін ұстаушылар мен ауыл шаруашылығы өнімін сақтауды жүзеге асыратын қоймалардың өзара қарым-қатынасын реттейді. Сондай-ақ қойма куәліктерінің тізілімінде және қоймалар тізілімінде қамтылуға тиіс мәліметтер тізбесін белгілейді", - дейді министрлік.
Осы Келісім Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Еуразиялық "бес" елдерінде қойма куәлігінің кепілімен несие алуға, сондай-ақ қойма куәліктерін сату арқылы өз өнімдерін қашықтан сатуға жағдай жасайды.
"Бұдан басқа, нарық субъектілері ЕАЭО елдерінде бар қойма инфрақұрылымы туралы мәліметтерге, оның ішінде қойманың атауы, түрі, сыйымдылығы, сақтау көлемі және орналасқан жері туралы ақпаратқа қол жеткізе алады", - дейді ведомство.
Келісімді іске асыру Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарықтарына ілгерілетуге жәрдемдесетін болады, бұл өз кезегінде Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытады дейді министрлік.
Келісімнің ережелері 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қажетті ұлттық құқықтық актілерді қабылдап, қойма куәліктерін айналысқа шығару тәжірибесін жинақтауы қажет.