Деструктивті күштер "қайырымдылық" арқылы өз жақтастарын көбейтіп жатыр – депутат

Мәжілісменнің айтуынша, радикалдық идеология жетегінде жүрген азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр
Sputnik
АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп елімізде деструктивті күштердің тамыр жайып бара жатқанына алаңдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, республикада дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сүйенсек діни білім ізденушілердің 75%–і ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндігін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр.
"Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім–нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. "Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек" деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді", дейді Жүсіп премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, қазір ашық интернет ресурстар арқылы ислам дінінің кейбір ұстанымын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді. Соның салдарынан қазақстандықтар тарапынан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сынды ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы сынды зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалуда.
Жастардың фокусын жалпыға ортақ оқу-білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жүріп жатыр.
"Радикалдық идеология жетегінде жүрген азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Олар сырттай ашық қарсылық танытпағанымен, іштей сол ағымда. Қазір сыртқы күштер түрлі қоғамдық қорлар, бірлестіктер ретінде құрылып, ағарту, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету, қаржылай гранттар бөлу сияқты бір қарағанда "жанашырлық" шаралармен айналысып жүргендей. Яғни "Жұмсақ күштер" теріс пиғылын жүзеге асырып, "әлеуметтік", "қайырымдылық" шаралар арқылы олар өз жақтастарын көбейтуде. Бұлардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың саны мен олардың айналасындағы адамдарға ықпалын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады", деп алаңдады депутат.
Нұртөре Жүсіптің сөзінше, елімізде осындай сырт күштерден азаматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар тапшы. Қазақстанда имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс істейді.
"Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады", дейді депутат.
Ол осы жағдайлардың алдын алуға құзырлы органдар арасында өзара үйлестірудің және тәуекелдерді басқаруда жүйелі, бірізді жұмыстардың болмауы да бірден–бір себеп екенін атап өтті.
Мәселен, өткен жылдарда өңірлерде дін істері басқармалары ашылып, көп уақыт өтпей "оптимизация" деген желеумен жабылды. Тек 2021 жылғы мамырда президенттің тапсырмасынан кейін жеке басқармалар болып қайта құрылды. Соған қарамастан Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл басқармалар әлі күнге ашылмай отыр.
Тағы бір мысал, 2019 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы парламентте қаралып, бірқатар жақсы норма ұсынылған. Алайда заң бастамашысы үкімет заң жобасын кері қайтарып алды.
"Көріп отырғанымыздай біз өзімізге келер қауіпті байқасақ та, онымен күресте табындылық көрсете алмай отырмыз", дейді Нұртөре Жүсіп.
Осыған байланысты сенат депутаттары жастарды теріс діни ағымдардан қорғау үшін бірқатар ұсыныс жасады:
шетелдің озық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіру;
ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау;
Дін істері басқармаларын барлық өңірде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейту;
өңірлердегі Діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлердің жалақысын көтеру;
өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс–шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалану;
шетелден өз бетінше діни білім алып келген азаматтарды қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құру.