АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин "Валдай" халықаралық пікірталас клубының отырысында сөйлеген сөзінде Батыстың әлемде үстемдік етуге талпынысы, Украинадағы әскери іс-қимылдар және Ресейдің болашағы туралы айтты.
Ресей президенті Владимир Путин әлемде монополия орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырайтынын айтты.
"Батыс тарапынан монополия орнату әрекеттері сәтсіздікке ұшырайтыны бастапқыдан белгілі еді. Себебі әлем бір схемаға бағынбайды. Өйткені ол тым күрделі және алуан түрлі", - деді Путин "Валдай" халықаралық пікірталас клубының отырысында.
Сонымен қатар Путин бір ғана мемлекет үстемдік ететін әлемде кез келген ел қысымға ұшырауы ықтимал екенін де ескертті.
"Мұндай әлемде егемендіктің кез келген түрінің тұжырымдамасы жоққа шығарылады. Блоктар құру көзқарасын ұстану, әлемді үнемі қақтығыстар күйінде ұстап тұруға ұмтылу 20-ғасырдан қалған залалы үлкен мұра. Бұл батыстық саяси мәдениеттің өнімі, оның ең агрессивті көріністері", - деді Путин.
Ресей президенті қандай жағдайға тұрақты бейбітшілік орнайтыны туралы пікір білдірді.
"Әрбір мемлекет өзін қауіпсіз сезінгенде, олар өз пікірі құрметтелетінін және әлемде тепе-теңдік бар екенін түсінгенде, ешкім басқаларды үстемдік етушілер қалағандай өмір сүруге мәжбүрлемейтін кезде ғана тұрақты бейбітшілік орнатылады", - деді Путин пікірталас клубының отырысында.
Владимир Путин Ресей барлық елдердің теңдігін қолдайтынын және өз мүдделерін басқа мемлекеттерге тәуелді етіп алға тартатынын айтты.
Ресей президенті Еуропа Украинаға өз экономикасы мен азаматтарының жағдайы одан әрі нашарлауы есебінен ғана көмектесе алады деп мәлімдеді.
"Еуропа елдерінің тұрғындарына түсетін салмақ та өсіп жатыр. Өмір сүру деңгейі төмендеп барады. Соңғы айларда 1,5%-ға төмендеді. Сондықтан Еуропа алдағы уақытта тек өз экономикасы мен азаматтарының өмірі одан әрі нашарлауы есебімен ғана көмектесе алады", - деді ресейлік көшбасшы.
Владимир Путин Еуропадағы экономикалық өсім қазір айтарлықтай төмендегенін де айтты.
"Егер АҚШ-та бұрынғы кезеңдегі ЖІӨ-нің 2,4%-ын құрайтын экономикалық өсім болса, Еуропада жағдай әлдеқайда нашар. Еуропада 2021 жылы экономикалық өсім 4,9% болса, биыл ол 0,5% болады. Бұл негізінен аздаған өсім көрсеткен оңтүстік елдерге, Италия мен Испанияға байланысты болып отыр. Ал Италия мен Испаниядағы өсім ең алдымен жылжымайтын мүлік бағасының және туризм секторының өсімімен байланысты. Еуропаның басқа экономикасында тоқырау бар", - деді Путин "Валдай" халықаралық пікірталас клубының отырысында.
Сонымен қатар Владимир Путин бүкіл әлем демін ішіне тартып бақылаған Таулы Қарабақ мәселесіне де тоқталды.
"Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Біз соңғы 15 жылда армян достарымызға бірнеше рет ымыраға келуді ұсындық. Қарабақтың айналасындағы бес аймақты Әзербайжанға қайтаруды, екеуін өзіне қалдыруды және осылайша Армения мен Қарабақ арасындағы аумақтық байланысты сақтап қалуды ұсындық. Бірақ қарабақтық достарымыз "бұл бізге белгілі бір қауіптер туғызады" деп ондай қадамнан бас тартты", - деді Путин.
РФ басшысының айтуынша, ресейлік тарап Әзербайжанның өсіп, экономикасы дамып жатқанын, оның 10 миллионнан астам халқы бар мұнай және газ өндіруші ел екенін алға тартып, ымыраға келуді, шешімдерді орындауды ұсынды. Біірақ тараптар ымыраға келе алмауының салдарынан күні кешеге дейін екі мемлекет арасында қақтығыстар болып тұрды.
Ресей президенті Арменияның өзі Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі деп мойындағанын айтты. Оның мәліметінше, 2022 жылдың күзінде Прагада Мишель Шарль, сол кездегі Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Олаф Шольцтың бастамашылығымен Армения мен Әзербайжан басшылары жиналды. Сол жерде олар мәлімдемеге қол қойылып, ол құжатқа сәйкес Армения Қарабақты Әзербайжан Республикасының бір бөлігі деп таныды.
"Ресей гуманитарлық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Өздеріңіз білетіндей, ол жерде Қарабақ армяндарын қорғаған біздің бітімгерлер қаза тапты. Дегенмен біз гуманитарлық, медициналық көмек көрсеттік, олардың қауіпсіз аумаққа аман-есен шығуын қамтамасыз еттік", - деді Путин.
Бұдан басқа, Ресей президенті Қазақстан мен Өзбекстанға газ жеткізу жайы туралы да бірер сөз айтты.
"Осы жылдың қазан айында Қазақстан мен Өзбекстанға толыққанды газ жеткізу басталады. Әзірге жылына әрқайсысына 3 миллиард текше метрден газ жеткізіледі. Бұл шағын көлем болғанымен, Қазақстан экономикасы үшін де, Өзбекстан экономикасы үшін де өте маңызды. Кейіннен жеткізілетін газ көлемін ұлғайтуымыз мүмкін", - деді Путин.
Сонымен қатар Путин кейбір әлем елдерінің жаһандық мәселелерді шешуге атсалысудағы рөлін арттыру қажеттілігін де айтты. Ресей президентінің пікірінше, "халықаралық істерде маңызды рөлге ие" және халықаралық мәселелерді шешуге ықпал ете алатын елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне кіруі керек.
"Бұл қандай елдер? Бұл Үндістан. Бұл қуатты ел және ол премьер-министр Нарендра Модидің басшылығымен жылдан-жылға күшейіп келеді. Сол сияқты Латын Америкасындағы Бразилияны да атауға болады. Мұнда халық саны өте көп, ықпалының өсуі орасан зор. Оңтүстік Африка – олардың әлемдегі ықпалын қалай жоққа шығара аламыз? Сондықтан бұл мемлекеттердің халықаралық мәселелердің күн тәртібінде шешім қабылдаудағы салмағы артуы керек", – деді Владимир Путин.
"Валдай" халықаралық пікірталас клубы – саясаттану, экономика, тарих және халықаралық қатынастар саласындағы жетекші шетелдік және ресейлік сарапшылардың бірлестігі. Клуб 2004 жылдың қыркүйегінде "РИА Новости" агенттігінің, Сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі кеңестің, Moscow Times газетінің, "Жаһандық саясаттағы Ресей" және Russia Profile журналдарының бастамасымен құрылған.