АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Балқаштың жағасындағы Үлкен ауылында жаңа электр станциясы салынуы мүмкін. Ол нысан көмірмен жұмыс істейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, қазіргі кезде екі жер қаралып жатыр. Жаңа станция Үлкен ауылында, я болмаса, Екібастұзда салынуы мүмкін.
"Жаңа электр станциясы - ГРЭС-3 көмірмен жұмыс істейді деген жоспар бар. Қуаты 1320 Мегаватқа дейін болады. Қазіргі кезде алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме бойынша келісімшарт жасалды. Келесі жылы наурыз айында дайын болады. Жаңа станцияның құрылысы үшін екі жер – Үлкен мен Екібастұз қарастырылып жатыр", - деді Мақсұтов қоғамдық кеңестің отырысында.
Ал "KEGOC" АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Балқаш жақта АЭС-тан бұрын көмірмен жұмыс істейтін станцияны салудың себебін түсіндірді.
"АЭС салынса, оны тек 2032-2034 жылдары ғана бітіреді. Оған дейін барлық жүйені реттеп отыру керек. Одан бөлек энергия тапшылығы, атап айтқанда, Орталық Азияда электр энергияның жетіспеушілігі бойынша үлкен қауіп бар. Осы мәселені шешу үшін қазірдің өзінде тұрақты қуат көзі керек, қысқа уақыттың ішінде керек", - деп түсіндірді Айтжанов.
Оның айтуынша, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғанда жаңа станцияның құрылысына шұғыл кірісу керек.