Қазақстан орта және оңтүстік көлік дәліздерін дамытады

Орта және оңтүстік көлік дәліздерін дамыту үшін Каспий және Қара теңіз порттары жұмылдырылады
Sputnik
АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Қазақстан алдағы уақытта орта және оңтүстік көлік дәліздерінің баламалы бағыттарын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл үшін Каспий және Қара теңіз порттары жұмылдырылады, деп мәлімдеді Көлік министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қуанышұлы Селим.
Бұл туралы ол New Silk Way VI Халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы аясында "Автокөлік қызметтерінің жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы панельдік сессия барысында айтты.
Ол жасаған баяндамасында автокөлік саласының қазіргі жағдайы және оның даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Спикер қазіргі уақытта алыс шетел бағытына 7,6 мың автокөлік құралымен қамтылған паркі бар 370 қазақстандық тасымалдаушы жұмылдырылғанын атап өтті. Халықаралық тасымалдармен қамтамасыз ету үшін 42 елмен тиісті келісім жасалған.
Бұдан басқа, отандық автопаркті толықтыру мақсатында халықаралық тасымалмен айналысатын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркегені үшін кәдеге жарату алымдарын төлеу қажеттілігі жойылды.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша халықаралық бағытта 6,4 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 8,7%-ға артық. Бұл ретте отандық жүк тасымалдаушылардың үлесі бір жылда 31-ден 42 пайызға дейін өсті.