Қарағанды облысында теледидарлар мен шаңсорғыштар шығарылады

Жаңа зауыт жылына бір миллионнан астам тұрмыстық техника жасап шығарады
Sputnik
АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде іске қосылатын жаңа зауыттар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қарағанды облысында өнімділігі жылына бір миллионнан астам тұрмыстық техника өндірісін ("Silk Road Electronics" ЖШС) іске қосу жоспарланып отыр. Зауытта ARTEL брендімен теледидарлар, су жылытқыштары, шаңсорғыштар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар жасалады. 530 жаңа жұмыс орны құрылады", - деді министр үкімет отырысында.
Сондай-ақ, 261 жаңа жұмыс орнын құра отырып, арнайы кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Қуаттылығы жылына 400 000 тонна арнайы кокс өндірісін құрайды. Өнім кейіннен экспортқа шыға отырып, ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
Ал Қостанай облысында "СарыарқаАвтоПром" компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен өндіруді жоспарлап отыр. Жылына 30 000 данасын шығару жоспарлануда, бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса министр жыл соңына дейін іске асырылатын негізгі жобаларды атады.
Айтуынша, "Қазхром" кәсіпорнының шламды қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Өңдеу қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін, 271 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ақтөбе облысында мамыр айында Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты іске қосылды. Жылына 25 дана бұрғылау машинасы өндіріледі, 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жетісу облысында Алмаз Керамикс (Diamond Ceramics) компаниясы керамикалық тақтайшалар өндірісін 3,5 млн шаршы метрге дейін кеңейтуде. Аталған өнім бойынша ел импортының 10%-ін жабады, 226 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Қазақстанда ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салынады