Ақтауда сарбаз жарылыстан қайтыс болды – оқиғаның мән-жайы

Жарылыс полигонның оқу-жаттығулар өтетін жерде емес, басқа жағында болған
Sputnik
АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Ақтау гарнизонының бас әскери прокуроры Ерлан Құтқожа "Оймаша" оқу полигонында болған қайғылы жағдайдың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде сарбаздың өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бас әскери прокуратура мен Ақтау гарнизонының прокуратурасы осы жұмыста ерекше бақылауда ұстап отыр.
"Қылмыстық кодекстің 453-бабы, 2-бөлігі (Қызметке салғырт қарау, адам өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша іс қозғалды. Өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында мәйітті ашып қараған. Қазіргі кезде сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Жарықшақтар табылған жағдайда қосымша сараптама тағайындалады. Себебі бөгде заттың құрамы мен шыққан жерін анықтау қажет", - деді Құтқожа.
Оның айтуынша, жарылыс полигонның оқу-жаттығулар өтетін жерде емес, басқа жағында болған. Сол кезде сарбаздар тұрмыстық күл-қоқысты жинап жүрген.
"Жарылыс кезінде тағы бір келісімшарт бойынша әскери қызметші, 2000 жылы туған сержант жарақат алды. Оған желке тұсынан тиген. Қазір ол ауруханада, жағдайы жақсы, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деп атап көрсетті гарнизонының бас әскери прокуроры.
Жарақат алған әскери қызметшінің жағдайы жақсарғасын одан жауап алынады.
Айта кетері, 30 қыркүйекте Ақтау гарнизонында белгісіз зат жарылды. Ауыр жарақат алған әскери қызметші ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды.
Жамбыл облысындағы жарылыс: екі сарбаз 13 жылға сотталуы мүмкін