АЛМАТЫ, 2 қазан — Sputnik. Павлодар облысында ұн тартатын кәсіпорындардың негізгі бөлігі астық тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды "АРК жаңалықтары" порталы.
Салдарынан ұн бағасы қымбаттаған.
Басылымның айтуынша, ұнның қымбаттауына бірнеше мәселе түрткі болған:
ҚТЖ астық тасымалдау жоспарын бекітпеген;
Ресей бидайын автокөлікпен әкелуге тыйым салынған;
қазақстандық фермерлер бағаны айтарлықтай көтерген.
Міне осы негізгі үш себептің салдарынан ұнның бағасы шарықтап барады.
"Диірмен кәсіпорындарының негізгі бөлігі, барлығы дерлік астықсыз. Біз Ресейден тасымалдағымыз келеді, бірақ теміржол вагондарымен жасалған жоспар келісілмеген. Бір айдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Ресей жақ келіскенімен, ҚТЖ келіспей отыр. Мұның себебі неде екенін білмейміз, салдарынан біз астықсыз қалдық", - дейді Павлодар облысындағы қайта өңдеушілер агенттігі қауымдастығының төрағасы Жанар Серімова.
Оның айтуынша, жергілікті фермерлерде бидай жоқ. Ал бидайы бар адамдар бағаны тым қымбат сұрап отыр.
"Баға тым қымбат, тоннасына 150 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл бағаның өзі арзан. Мұндай бағамен 1-ші сортты ұн 220-230 теңге тұрады, мен жоғары сорт туралы айтпаймын. Ал бізді бақылап отырған мемлекеттік органдар ұн бағасын көтеруге болмайды дейді. Сонда қалай жұмыс істеуіміз керек? Біз Ресейден сатып алдық, ол элеваторда жатыр, біз оны әкеле алмаймыз. Кәсіпорындар жаз бойы тұрды. Мына түрімізбен шығынға ұшыраймыз. Қазіргі күні қысқа қор жинауымыз керек, бірақ жұмыс істей алмай отырмыз", - деп атап өтті Жанар Серімова.
Дүкендердегі ұн бағасы көтерілді. Мысалы, бір ғана Астанада 50 кг ұн 15 мың теңгеден 18,5 мың теңгеге дейін өсті.