МАГАТЭ сарапшылары Алматыдағы АЭС салынатын орынға барады

Сарапшылар құжаттамамен танысып, нысан құрылысы жоспарланған аумаққа барады
Sputnik
АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. 2023 жылдың 2-6 қазаны аралығында АЭС орналасатын жерді таңдау бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижесін бағалау үшін МАГАТЭ-нің Site and External Events Design Review Service (SEED) mission миссиясы өтеді, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Миссия министрліктің шақыруы бойынша Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы атом энергетикасын дамыту саласындағы ынтымақтастық жоспары аясында жұмыс істейді.
Сарапшылар АЭС орналасатын аумақты таңдау бойынша құжаттаманы қарап, Алматы облысындағы әлеуетті құрылыс аймағына барады.
Миссияға қатысуға экология және табиғи ресурстар министрлігінің, су ресурстары және ирригация министрлігінің, төтенше жағдайлар министрлігінің, Алматы облысы әкімдігінің, "Қазақстан Республикасы Ұлттық ядро орталығының" РМК, "Ядролық физика институты" РМК, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ, "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС, "Сейсмология институты" ЖШС өкілдері шақырылды.
Миссия қорытындысы бойынша МАГАТЭ сарапшылары АЭС үшін оңтайлы алаңды белгілеу бойынша ұсыныстар бар қорытынды есеп ұсынады.
Осы жылдың наурыз айында Қазақстанның атом энергетикасы инфрақұрылымының АЭС салу туралы шешім қабылдауға дайындығын бағалау бойынша МАГАТЭ миссиясы өткен болатын.