Екібастұзда жылу беріле бастады – Байханов былтырғы жағдайдың қайталанбайтынына уәде берді

Екібастұзда жылу беру кезінде 19 жөндеу бригадасы кезекшілік етеді
Sputnik
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Бүгін Екібастұз қаласына жылу беріле бастады. Павлодар облысының басшысы былтырғы жағдайға жол бермеуге уәде берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгін таңертең Екібастұз жылу электр станциясында екі қазандық іске қосылды. Қазіргі кезде құбырларды сумен толтыру жұмыстары атқарылып жатыр.
"Негізі төрт магистраль суға толды. Осыдан кейін әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ тұрғын үйлерге баратын желілерге су жіберіледі. Осы уақытта біз Екібастұз әкімімен бірге жылу электр орталықтарында боламыз", - деді Байханов таңғы тікелей эфирде.
Биыл көктемде және күзде жасалған гидравликалық сынақтар кезінде барлық ақау жойылды. Жылу жүйесі толығымен дайын.
"Жылу беру кезінде барлық жүйенің бірқалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Бұл технологиялық тұрғыда оңай шаруа емес, бәрін реттеп отыру керек. Сол себепті қазанның алғашқы күндері біз тәулік бойы бақылау жүргіземіз. Барлық жүйе дайын", - деп атап көрсетті облыс басшысы.
Әкімнің сөзіне қарағанда, Екібастұзда жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайды. Соның ішінде 74 шақырымы толығымен ауыстырылды. Осылайша, жылу жүйесінің 20 проценті жаңартылып отыр.
"Өкінішке қарай, қалған 80 проценті – ескі желілер. Жылу бергенде осы құбырларда ақаулықтар шығуы мүмкін. Оны шұғыл түрде жасап отырамыз. Бірақ былтыр болған жағдай қайталанбайды. Оған жол бермейміз", - деді Байханов.
Екібастұзда жылу беру кезінде 19 жөндеу бригадасы кезекшілік етеді. ЖЭО-да төрт қазандық (үш энергетикалық және бір су қыздыратын) дайын тұр. 10 қазанға дейін тағы екі су қыздыратын қазандық іске қосылады. Ал айдың аяғына дейін қалған төрт қазандық дайын болады.
Жоспар бойынша алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Одан кейін екі аптаның ішінде барлық көппәтерлі тұрғын үйге жылу жіберіледі. Содан соң жеке меншік үйлер қосылады. Осы уақыттың ішінде тиісті мекеме жылу жүйесін реттеп отырады.