Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылды

Қазан айында қосымша 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарда бар
Sputnik
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Бүгін Атырау мұнай өңдеу зауытында тексеру жұмыстары басталды. Тексеріс энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес алдын ала жоспарланған болатын, деп хабарлайды зауыттың баспасөз қызметі.
Тексеріс кезінде технологиялық жабдықтар мен құбырларды техникалық куәландыру, диагностика және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу шаралары атқарылады.
"Аппараттарды бумен тазалау процесі жабық жүйеде өтеді, бұл бу мен көмірсутек қоспасының атмосфераға шығарылуын болдырмайды. Сұйықтыққа айналған бу қоспасы дренаджық жүйеге жіберіледі", - дейді зауыт мамандары.
Технологиялық қондырғылар тоқтатылған кезде реакторлық жабдықтардағы катализаторлар ауыстырылады. Осыған байланысты басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін өндіру көлемін арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен Атырау зауытында мұнай өнімдерінің қоры бар. Олар:
автобензин - 36 мың тонна;
дизель отыны - 32 мың тонна;
әуе отыны - 7,4 мың тонна;
Қазан айында қосымша 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарда бар.
Кәсіпорын қараша айының алғашқы онкүндігінде тұрақты жұмыс режиміне шығады.
Айта кетері, бұған дейін энергетика министрлігі 1 қазаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылатынын мәлімдеді. Сол кезде АИ-95 маркалы бензиннің бағасы өзгеруі мүмкін.
Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айға жөндеуге жабылады – бензин бағасы өзгере ме