АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Бас конференциясының 67-сессиясында Қазақстанның "АЭХА-дағы мүше-мемлекеттердің егеменді теңдігін қалпына келтіру туралы" қарары басым дауыспен (99-2-16) қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қарарды министрдің бірінші орынбасары Қайрат Омаров таныстырды. Осы құжатты АЭХА-ның барлық географиялық аймағына кіретін 99 мүше-мемлекет пен 56 тең авторы қолдады. Ал тең авторлардың қатарында ЕО елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Әзербайжан, Бахрейн, Канада, Мексика, Колумбия, Эквадор, Уругвай, Сингапур, Жапония, Непал, Түркия және тағы басқа елдер бар.
Қазақстан әзірлеген қарар ұйымға мүше-мемлекеттердің АЭХА қызметіне қатысу бойынша неғұрлым әділ және демократиялық тәсілдерді қолдануға жағдай жасайды. Агенттікте егеменді теңдікті қалпына келтіру үшін Қазақстанның бастамасымен алғаш рет өңірлік топтарға кірмейтін 17 мемлекеттің тізімі дайындалды.
Бұл тізім агенттіктің 2023 жылғы 10 тамыздағы ресми құжатымен бекітілді және Словенияның төрағалығымен құрылып жатқан "Достар тобы" (Group of Friends of Arealess Member States) шеңберінде одан әрі жұмысты құруға негіз ретінде Бас конференцияның қарарына енгізілді.
"Қабылданған қарар мүше-мемлекеттердің өңірлік топтарда, негізгі директивалық органдарда, сондай-ақ агенттіктің тиісті консультативтік процестерінде тең өкілдік етуінің бұрыннан келе жатқан проблемасын қайта көтеруге алғашқы практикалық қадам болды", - дейді министрлік мамандары.
АЭХА Бас конференциясы басқарушылар кеңесі қатысушыларының құрамын кеңейту және географиялық өңірлер бойынша мүшелер тізімін қабылдауды көздейтін ұйым жарғысының 6-бабына түзетуді тезірек ратификациялауға шақырады. Қазақстан бұл түзетуді 2019 жылы ратификациялады.