Ұлттық тасымалдаушының негізсіз талаптары жойылды – прокуратура

Sputnik
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Бас көлік прокуратураның наразылығы бойынша "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жариялаған негізсіз талаптар жойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қадағалаушы органның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жеке тармақ иелері мен жүк иелеріне телеграф нұсқауларын таратқан. Оған сәйкес, тиеу алаңдарын заңнаманың белгілі бір талаптарына сай келтіру керек. Бірақ ондай нормалар жоқ. Бұдан бөлек, кірме жолдарын ашу үшін құжаттар топтамасын "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясының өзіне ұсыну қажет. Компания филиалдары болса, жеке кірме жолдарды тексеруі тиіс болған. Осының бәрін 2023 жылдың 1 қазанынан бастап қолға алынатынын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлады. Ал кәсіпкерлер шектеулердің негізсіз енгізілетінін мәлімдеді.
"Телеграфтық нұсқауларды зерделеу олардың кәсіпкерлер үшін белгілейтін шектеулері заңнамаға негізделмегенін, ал олардың филиалдарына жеке кірме жолдарды тексеруді жүргізу тапсырмасы Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына қайшы келетінін және уәкілетті мемлекеттік органның функцияларын ауыстыруға әкеліп соғуы мүмкін екенін көрсетті", - дейді прокурорлар.
Бас көлік прокуратураның наразылығы толық көлемде қанағаттандырылды, телеграфтық нұсқаулар заңсыз деп танылды және күші жойылды.

Айта кетері, Қазақстанның жүк теміржол тасымалдаушысы — "ҚТЖ — Жүк тасымалы" АҚ 2016 жылдың маусым айында құрылған болатын. Компанияда Қазақстан теміржолдарының жүйесі бойынша клиенттерге қызмет көрсететін және жүктер тасымалына қатысты қызметтердің толық кешенін ұсынатын жол бөлімшелері мен локомотив деполарынан құралған филиалдық жүйе бар.
"ҚТЖ — Жүк тасымалы" АҚ мұнай және газ, метал, көмір және өнеркәсіптің өзге салаларындағы өндірістің сегменттерінде ірі компаниялардың жүктерін тасымалдаудағы қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.