АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысындағы мешітте болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Имам намаз кезінде баланы шапалақпен ұрып жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Шелек ауылындағы мешітте түсірілген видеоны журналист Сандуғаш Дүйсенова жариялады. Онда бірнеше адамның намаз оқып жатқанын анық көруге болады. Кішкентай бала олардың алдында жүгіріп жүр. Сосын имамның жанына барады. Тура алдынан өтемін деп жатқанда имам бүлдіршінді шапалақпен бір ұрды. Бала шалқасынан құлап түсті.
Желі қолданушылары баланың ата-анасын сынға алды. Бірақ имамның әрекетіне наразы адам көп.
"Иманды жолда жүрген кісі сабыр дегенді бізден жақсы білуі керек және балаға қол көтеретін қандай имам, Мұхаммед Пайғамбарымыз намазға жығылып жатқанда жануар мысыққа да тимеген", - дейді қолданушылар.
Облыстық прокурорлар да өз пікірін қалдырған. Олардың айтуынша, қазіргі кезде аудандық прокуратура тексерісті бастады.
"Саламатсыз ба, Сандуғаш! Ақпарат үшін алғыс айтамыз. Осы мәселені Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасына тапсырылды. Жұмыстың нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз. Куәгерлерді бізге директке жазуды сұраймыз", - дейді прокурорлар.