Терезесі жоқ жедел жәрдем: Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқарамасы түсініктеме берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 қыркүйек - Sputnik. Қызылорда облысында жедел жәржем көлігінің мүшкіл халі түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Сапасыз медициналық көліктердің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Көліктер Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі медициналық мекемеге тиесілі болған.
Айта кетері, депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде ауылдардың біріндегі жедел жәрдем көлігінің видеосын жариялады. Кадрларда жедел жәрдем көлігінің терезесі жоқ екені, алдыңғы терезесі көрпешемен жабылғаны, тіпті медицина қызметкерлері көліктің алдыңғы есігін қасықпен ашып жатқаны көрінеді. Видеодағы адам бұл көліктің жағдайы қашан шешілетінін сұраған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Sputnik Қазақстан тілшісіне берген мәліметінше, бұл көліктер уақытша берілген.

"Бұл көліктер 2008, 2014 және 2017 жылдардан бастап халық игілігіне берілген. Әлеуметтік желіде тараған видеодағы жедел жәрдем емхана көліктерінің уақытша істен шығуына байланысты жұмыс тоқтап қалмау үшін берілген", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарманың мәліметінше, жөндеуде тұрған көліктер біртіндеп қайта пайдалануға беріліп жатыр.
"Қазіргі таңда емхананың көліктері жөндеуден өтіп, өз қызметтерін жалғастыруда. Ауданның ауруханасына биыл үш санитарлық медициналық көлік қарастырылып, оның біреуі Сексеуіл медициналық ұйымына берілу жоспарланған. Алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешімін табатындығын жеткіземіз", - дейді ведомстводағылар.