АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары аясында "ҚазМұнайГаз" АҚ мен Linde Group ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Тараптар мұнай-газ химия процестерін жетілдіру үшін, сондай-ақ ҚазМұнайГаз жобаларында көміртекті тұту әдістерін дайындау мен енгізу кезінде инновациялық және тиімді жобалық шешімдерді барынша пайдалануға келісті.
"Бұған дейін ҚМГ мен Linde Group (Linde Engineering) Атырау облысында полиэтилен өндіретін кешенге арналған пиролиз технологиясы бойынша бірлесіп жұмыс істеген", - деп жазылған хабарламада.
"ҚазМұнайГаз" Мағзұм Мырзағалиев президенттің Қазақстан халқына жолдауында мұнай және газ өңдеу кластерін дамыту қажеттілігіне айрықша назар аударылғанын еске салды.
"Бұл біз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Linde сияқты саланың алпауыт компаниясымен ынтымақтастық орнату арқылы бұл бағытты қарқынды дамытамыз", - деді ол.
Linde GmbH Таяу Шығыс, Еуропа және Африка елдері бойынша аға вице-президенті Оливер Пфанн алдағы жобалардың табысты болатынына сенім білдірді.
"ҚазМұнайГаз бен Linde компанияларының ортақ күш-жігері мұнай-газ индустриясының нақты шешімдеріне тың технологиялар мен мол тәжірибені енгізеді. Біздің тәжірибе мен технологияларымыз ҚазМұнайГазға осы саладағы ауқымды жоспарларын іске асыруға ықпалдасатынына сенімдімін", - деді Пфанн.
Қос тарап меморандумға қол қою арқылы жемісті ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растап, мұнай-газ химиясы саласындағы тұрақты даму мен инновацияларды енгізуді көздейтінін мәлімдеді.