АЛМАТЫ, 28 қыркүйек - Sputnik. Мәжіліс депутаттары "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" pаң жобасын толықтыруға кірісті, деп хабарлады парламенттің баспасөз қызметі.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтын енгізу ұсынылды. Ол шағымдарды қарайды, қоғамдық институттардың жұмысын үйлестіреді және заң жобаларын әзірлеуге қатысады.
Депутаттар алдында құжатты сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев таныстырды. Оның айтуынша, құжатты әзірлеген кезде азаматтардың өтініштерін талдау және мониторингілеу нәтижелері, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық институттардың ұсыныстары, социологиялық зерттеулердің қорытындылары, сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескерілгенін айтты.
Сонымен қатар заң жобасында тұтынушылардың шағымдарын қарау кезінде төрт сатылы қазіргі күнгі бюрократиялық алгоритмді өзгерту керектігі айтылды.
"Бірінші кезеңде тұтынушы кәсіпкерге оның тұтыну құқығын бұзу туралы шағыммен тікелей жүгінуі керек. Егер келіссөздер сәтсіз болса және кәсіпкер шағыммен келіспесе, тұтынушы екінші сатыдан өтуі керек – міндетті түрде медиаторға немесе төрешіге хабарласуы керек. Үшінші кезең - мемлекеттік органға жүгіну", - деп түсіндірді Қайрат Балықбаев.
Вице-министрдің айтуынша, бұл аздай әкімшілік мемлекеттік орган дауласқан тараптар арасындағы мәселені шешуге өкілеттігі жоқ, өйткені жеке дауды азаматтық істерді қарау жөніндегі соттар ғана шешеді. Бұл төртінші кезең. Бұл ереже қарапайым азаматтарды әуре-сарсаңға салады.
Егер түзетулер қабылданса, онда азамат құқықтарды қорғау әдісін еркін таңдай алады. Мысалы, сотқа тікелей талап қою.
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық тұтыну, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік салаларында да тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелерін енгізу ұсынылды.
Құжатта қарастырылған тағы бір ереже, сот құқығы бұзылған тұтынушының талап қою сомасына кәсіпкерден қосымша айыппұл өндіріледі. Бұл дауласқан екі тарап сотқа дейін өз мәселелерін бейбіт жолмен шешпеген жағдайда болады. Айыппұл мөлшері тұтынушының талап қою сомасының 10-50% құрайды. Шағым сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл мөлшері соғұрлым көп болады.
Ал онлайн саудаға қатысты жеке норма қарастырылды. Вице-министрдің айтуынша, электронды саудаға қатысты шағымдар былтырғымен салыстырғанда төрт есе артқан.
Сол себепті заң жобасында тауарларды сату үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды "сауда объектілеріне" теңестіру ұсынылды. Бұл олардың иелерін сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.