Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы басқармасының экс-басшысы сотталды

ЖШС есеп шотына қаржылық лизинг шарттарынсыз 979 600 000 теңге қаражат заңсыз аударылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының экс-басшысы Владимир Гайламазян 3,5 жылға сотталды, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық соты.
Қылмыстық істі 27 қыркүйекте Өскемен қаласының №2 соты қарады. Экс-басшыға өз қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
"ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы мен ЖШС басшысы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау тәртібін бұзып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған", - делінген сот хабарламасында.
2020 жылдың шілде-желтоқсан аралығында ЖШС есеп шотына қаржылық лизинг шарттарынсыз 979 600 000 теңге қаражат заңсыз аударылған.
Сот шешімімен Владимир Гайламазян ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен "Қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланудың ауыр зардаптарға әкеп соғуы" бойынша кінәлі деп танылды. Айыпталушы үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Ал ЖШС басшысы алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға түрмеге қамалды.