АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөзден кейін Қазақстан Ресей тарапынан ықтимал территориялық талаптарға қатысты алаңдамайтынын мәлімдеді.
"Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара делимитацияланған және айтарлықтай дәрежеде демаркацияланған. Екі елдің парламенттері бекітіп, ратификациялады", - деді Қазақстан президенті.
Ол сондай-ақ Қазақстан Ресейге қарсы санкциялық режимді сақтайтынын растады.
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті канцлер Шольцпен тет-а-тет форматында келіссөз жүргізді.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.