АЛМАТЫ, 28 қыркүйек - Sputnik. Астананың әрбір екінші көпқабатты үйінде өрт қауіпсіздігі проблемасы бар, деп хабарлайды "Хабар 24".
Бұл 10 қабаттан көп тұрғын үйлерге қатысты айтылған. Олардың 60%-і Нұра және Есіл аудандарында орналасқан. Бұл туралы елордалық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы айтты.
Жыл басынан бері қалада көпқабатты үйлерде 43 өрт болып, 22 адам зардап шеккен. Тұрғын үйлердегі апатты шығу жолдарын тұрғындар жеке бастары үшін қойма жасап, бітеп тастаған. Тіпті спорттық шара өткізетін жер жасап алған.
"Астана бойынша біздің тариф 62 теңге ең төмен. Ол осы тұрғын үй кешенінде 10-12 жыл бұрын бекітілген. Қазір біз тарифті көтеру үшін мәселені көтеріп жатырмыз. Өрт қауіпсіздігі бойынша жұмыс біздің жауапкершілігімізде, бірақ бұл өте үлкен қаржылық шығынды қажет етеді. Өйткені бізде барлық кіреберістерде қажетті керек-жарақтар жоқ, мысалы өрт сөндіргіштер және тағы да басқа керекті құрылғылар. Өрт жүйесін қалпына келтіру үшін 2 млн теңге керек", - дейді жекеменшік пәтер иелері құрылымы төрағасы Гүлшат Рахметова.
Пайдалану қызметтерінің шаршы метріне көбірек ақша төлеуге тұрғындар келіспейді. Кейбіреулері мүлдем төлемейді. Пәтер иелері кооперативінің қызметтері үшін берешек 4 млн теңгеге жуық.
Төтенше жағдайлар департаменті Астанадағы 900 көпқабатты үйдің 750-ін тексерген. Әрқайсысында түрлі проблемалар анықталған, өрт жүйесі жұмыс істемейді немесе ақауы бар, тіпті жартылай апатты жағдайда тұрғандары да кездескен.
"Уәкілетті министрлік коммуналдық тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі, онда қайтарымды қаражат есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердің өрттен қорғау жүйелерін қалпына келтіру көзделген", - дейді Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.
Оның айтуынша, бұл тапсырма орындалмаған жағдайда жекеменшік пәтер иелері кооперативтеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Айта кетейік, жыл басынан бері осындай 15 айыппұл жазылды.