АЛМАТЫ, 27 қыркүйек – Sputnik. "Жамбыл су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарифті негізсіз көтерген, деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.
Тараз қаласының прокуратурасы "Жамбыл су" МКК қызметіне тексеру жүргізіп, инвестициялық бағдарламаға көзделген қаражатты мақсатсыз пайдалану фактісін анықтады.
"Жыл сайын кәсіпорында желілерді, аспаптарды және басқа жабдықтарды жаңарту жоспары жасалады. Бұған халықтан түсетін қаражат пайдаланылады. Тексеру барысында өткен жылғы жаңғырту жоспары 24 млн теңгеден астам сомаға орындалмағаны белгілі болды", - дейді ведомство.
Осыған байланысты прокуратура бұл фактіні растаған уәкілетті органға ұсыныс жіберген.
"Прокуратураның қадағалау актісі бойынша халыққа тарифтік мөлшерлемелерді 63,54 теңгеден 62,65 теңгеге дейін, ал коммерциялық нысандар үшін 167,66 теңгеден 165,35 теңгеге дейін төмендете отырып, өтемдік тариф енгізілді", - дейді прокуратура.
Нәтижесінде 108 мыңнан астам абоненттің, оның ішінде 5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды. Ал заңсыздыққа жол берген "Жамбыл су" мекемесіне 2,7 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.