Қоғам

Мәжіліс депутаты әйелдерді билікке көбірек тартуды талап етті

Қарақат Әбденнің айтуынша, халық арасында "Әйел бастаған көш оңбайды" деген патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп
Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден билікте жүрген әйелдер саны өте аз екенін айтып, ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға білімі де, біліктілігі де жететін нәзік жандарды басшылыққа көбірек тартуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындады. Айтуынша, жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар.
"Шүкір, өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бірақ, "бірді көріп "шүкір" айт, бірді көріп "пікір" айт" деген нақыл бар ғой, қазақта. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге мемлекет басшысы баса назар аударды. Мәселен, президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30%-ке арттыруды тапсырған еді. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7 процентті құрайды. Тіпті "ҚТЖ", "KEGOC", "Қазақтелеком" сияқты ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ", - дейді Қарақат Әбден премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Ал әлемнің 146 елін қамтитын халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр.
Депутат "Ауыл партиясы" барлық жергілікті атқарушы орган бойынша мәлімет жинақтағанын атап өтті. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді.
"Бұл көрініс басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайызды ғана құрайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бір де бір әкім орынбасары жоқ, қаладағы 5 аудан ішінде әйел-әкім тағайындалмаған", - деп мысал келтірді халық қалаулысы.
Әбденнің айтуынша, халық арасында "Әйел бастаған көш оңбайды", "Шашы ұзынның – ақылы қысқа" деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп.
"Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек", - дейді Әбден.
Оның пікірінше, үкіметке жүйелі мемлекеттік гендерлік саясатты жүзеге асыратын уақыт келді. Осыған байланысты "Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары мынадай ұсыныстар енгізді:
әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосу;
үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламалар даярлау.
"Қазақстандық әйелдердің ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға білімі де, біліктілігі де жетеді. Ия, әйелдің ең ұлы миссиясы – ана, жар болу, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бірақ "Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!" деген ғұлама Мәшһүр Жүсіптің сөзін ұмытпайық. Сондықтан Домалақ ананың көзіндей болған сауатты, саналы әйелдің бүгінгі үні мінбеден естілуі тиіс", - деп түйіндеді сөзін Қарақат Әбден.