АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына авто және темір жол көліктермен бидайды әкелуге тыйым салу туралы бұйрыққа түсінік берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұйрық 25 қыркүйекте жарияланған болатын.
"Тыйым – лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің және құс шаруашылығы кәсіпорындарына вагондармен импортталған бидайға әсер етпейді. Тыйым Қазақстан аумағы арқылы бидайды транзиттік тасымалдауға да әсер етпейді”, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Министрлік қабылданған шара елдің халықаралық міндеттемелеріне, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ нормаларына қайшы келмейтінін атап өтті.
"ЕАЭО туралы шарттың 29-бабына сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тауарлардың өзара саудасында, егер олар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда, шектеулерді қолдануға құқылы",- деп атап өтті министрлік.
Ведмоствоның мәліметінше, жиналатын астықтың жалпы күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Ауыспалы бидай қоры 1 қыркүйекте 3,7 млн тоннаны құрады.