АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан үкіметі "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС-ын құрды. Тиісті құжат нормативтік-құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі сайтында жарияланды.
Компанияның жарғылық капиталына 100 пайыз мемлекет қатысады. ЖШС-ны қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті басқарады.
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңда және басқа да заңдарда белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу серіктестік қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын", - делінген құжатта.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті серіктестік жарғысын бекітіп, басшысын сайлауы керек.
Биыл Қазақстанда "Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң қабылданды. Оған сәйкес, заңсыз байыды деген күдікке ілінген жеке және заңды тұлғалардың реестрі жасалады. Тізім жабық болады. Заң аясында активтерді басқару компаниясы құрылады. Ол қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударады.