Петропавлда әйел екі баласымен бірге тірідей жанып кетті

Өрт сөндірушілер бір және бес жасар бала мен олардың 20 жастағы жас анасының жансыз денесін тапты, тергеушілер қайғылы оқиғаның себебін анықтайды
Sputnik
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Петропавл қаласында жанып кеткен жекеменшік үйден әйел мен екі баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 25 қыркүйекте кешкі сағат 21:35-те жекеменшік үйдің жанып жатқаны туралы шұғыл ақпарат түсті. Құтқарушылар оқиға орнына бес минуттың ішінде барды.
"Ол кезде ағаш үй толығымен отқа оранды. Өртті сөндіру кезінде үш адамның мәйіті табылды", - дейді құтқарушылар.
Жанып кеткен үйде 20 жастағы әйел мен оның екі баласы болған. Біреуі 5 жаста, а екіншісі былтыр ғана дүниеге келген.
Құтқарушылар өртті сағат 22:36-да өшірді. Тілсіз жау 19 шаршы метрге шарпыды. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнына облыс басшылығы да барды. Төтенше жағдайлар мен полиция департаменттерінің басшылары келді. Құтқарушылар мен полицейлер биыл маусым айында дәл осы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Жергілікті билік қаза тапқан адамдардың отбасына көмек көрсетеді.