АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмек – денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі қызметтің бірі, оны еліміздің барлық халқын қамтитын 5617 объекті көрсетеді. Оның жұмысының негізгі принципі – отбасылық қызмет көрсету және аумақтық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көмекті учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер, психологтан тұратын учаскелік көпбейінді командалар көрсетеді.
Алайда бұл салада да шешілмеген проблема баршылық. Солардың бірі –медициналық объектілердің инфрақұрылымы.
"Медициналық нысандардың инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық объекті жоқ, ғимараттардың тозуы 56%-ті, медициналық техникамен жарақтандыру 50%-ті құрайды", - дейді Ғиният үкімет отырысында.
Сондай-ақ медициналық көмек барлығына бірдей қолжетімді емес. Бұған қатысты ең көп шағым Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Атырау облыстарының тұрғындарынан түседі.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 млн халық сақтандырылмаған. Олардың ең көбі Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады.
Бұған қоса Ғинияттың айтуынша, медициналық кадрларға деген қажеттілік төмендегеніне қарамастан сұраныс әлі де бар. Әсіресе Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында кадр жетіспейді.