ҰҚК Қазақстан-Ресей шекарасында көліктердің кептелісте тұрғанын жоққа шығарды

Қандай да бір шектеу шаралары енгізілмеген
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктілеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Комитет Атырау облысындағы "Құрманғазы" өткізу пунктінде автокөліктердің кептелісте тұрғанын жоққа шығарды.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктілерінде, соның ішінде Атырау облысындағы "Құрманғазы" өткізу пунктінде автокөлік кептелісі орын алғаны туралы ақпарат таралған болатын

"Шындығында Қазақстан-Ресей шекарасының көрсетілген учаскесінде автокөліктердің кептелісі тіркелмеген. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеуде, қандай да бір шектеу шаралары енгізілмеген", - делінген комитет хабарламасында.

Ведомство тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауға шақырды.