Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан премьер-министрлерімен кездесті

Тоқаев халықаралық "Иннопром. Қазақстан" өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін оларға ризашылық білдірді
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкімет басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан халықаралық "Иннопром. Қазақстан" өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін оларға ризашылық білдірді.
"Сіздердің арнайы келгендеріңіз көрменің мәртебесін арттырғаны сөзсіз және тығыз сауда-экономикалық қатынастарымызды тағы бір рет дәлелдеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, бүгінде аталған іс-шара тұрақты іскерлік алаңға айналып келеді. Өйткені көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдердің индустриялық секторының жетістіктерімен жақынырақ танысады, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Тоқаев өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен кәсіпорындар мен ірі жобалар саны артып келетінін атап өтті. Бұл Одаққа мүше елдердің сыртқы сауда көлемінің үздіксіз ұлғайып, биылғы бірінші жартыжылдықта 13 пайызға жеткенінен байқалады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасында сауда, инвестиция және өнеркәсіп салалары бойынша қарым-қатынас қарқыны жоғары екенін айтты.
"Ресей компаниялары Қазақстанға тұрақты түрде инвестиция салып отырған бес негізгі елдің қатарына кіреді. Бүгінде Ресеймен бірлесіп, жалпы сомасы 16,5 миллиард доллар болатын 40 ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз", – деді президент.
Тоқаев Беларусьпен арадағы қарым-қатынас туралы айта келе, ауыл шаруашылығы техникасын шығару және машина жасау салаларындағы тәжірибені оң бағалады. Бұл бағыттағы жобалардың жалпы құны – шамамен 180 миллион доллар.
Сонымен қатар Қазақстан президенті Қырғыз Республикасымен арадағы байланыстарымыздың тұрақты дамып келе жатқанына, өзара сауда-саттық қарқыны жоғары екеніне назар аударды.
"Жеті айда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. Қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен салудың келешегі зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ынтымақтастықты айтарлықтай нығайту үшін барлық мүмкіндікті белсенді пайдаланған жөн.
Ресей ЕАЭО-дағы барлық серіктесімен өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын – Мишустин