АСТАНА, 25 қыркүйек - Sputnik. ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ-дан бір мезгілде шығу мәселесін талқылап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл шындыққа жанаспайды. Осыдан бірнеше күн бұрын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері өз кеңестерін өткізді. Онда ұйымның одан әрі даму жолдары, осы ұйым аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды", - деп журналистердің сұрағына жауап берді Смадияров.
Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға ниетті деген фейктер алғаш рет тарап жатқан жоқ. Мысалы, 2022 жылғы 15 қыркүйекте де Қазақстан ның сыртқы істер министрлігі осындай ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды.
Еске салайық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше алты мемлекет бар: Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Тәжікстан.