Нотариусқа барудың қажеті жоқ: eGov-та жаңа қызмет іске қосылды

Ерлі-зайыптының нотариаттық келісімін ресімдеу процесі жеңілдей түсті
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда ерлі-зайыптының нотариаттық келісімін бейнеқоңырау арқылы алуға болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгіннен бастап жаңа қызмет eGov Mobile платформасында қолжетімді. Осының арқасында ерлі-зайыптының нотариаттық келісімін ресімдеу процесі жеңілдей түседі. Бұдан былай нотариусқа жүгінбей-ақ, қажетті келісімді жылдам әрі ыңғайлы түрде ала алады.
"Процесс биометриялық сәйкестендірудің заманауи технологияларын қолдана отырып, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді. Онлайн форматтың артықшылығы – нотариусқа жүгінуге кететін уақыт пен шығынды үнемдеу, сондай-ақ өзіне ыңғайлы мерзімде алу мүмкіншілігі", – дейді мамандар.
Нотариаттық қызметті онлайн форматта алу тәртібі:
"eGovMobile" платформасында тіркелу;
өтініш нысанын толтыру және биометриялық тексеруден өту;
бейнеқоңырау бойынша келісімді ресімдеу;
нотариустың қызмет ақысын төлеу.
Дайын құжат "Цифрлық құжаттар" сервисінде қолжетімді болады.