Ұстаздар күні бұрынғыдай қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланбайды. Үкімет биыл кәсіби мерекенің нақты датасын бекітті. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Мұғалімдер күні қашан
Мұғалімдер күні – білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді.
Қазақстанда Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Алайда 2023 жылы наурызда үкімет кәсіби мерекенің нақты датасын бекітті. Ұстаздар мейрамы әлемнің 100-ден астам елі тойлайтын Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Яғни биылдан бастап Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда тойланады.
Жалақы, үстемеақы, еңбек демалысы: мұғалімдерге қандай жағдай жасалған
2019 жылы желтоқсанда қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" заң ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерді. Заңның арқасында соңғы жылдары мұғалімдердің еңбек жағдайы жақсарып келеді.
Бұрын мұғалімдер кәсіптік міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартылатын: сайлау өткізеді, насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұл үшін ұстаздарға ешкім ақша да төлемейтін. Ал "Педагог мәртебесі туралы" заң ұстаздарды артық жұмысқа тартуға тыйым салды. Оларды орынсыз тексеру тоқтатылды, шамадан тыс есеп беруден босатылды.
Заңға сәйкес, барлық педагог үшін еңбек демалысы 56 күнге ұзартылған. Тәлімгерлік үшін қосымша ақы төленеді. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін де қосымша ақы беріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін үстемеақы төленеді. Магистр дәрежесі үшін 10 АЕК (қазір 34 500 еңге) мөлшерінде қосымша ақы алады.
Соңғы жылдары ұстаздардың жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мектеп педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ке өсті. Бүгінгі таңда 217 мың (63%) мұғалім жаңа жүйемен аттестаттау қорытындысы бойынша негізгі жалақыға қосымша ақы алады.
Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған ұстазға мектеп қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалім бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақымен көтермеленеді.
Сонымен қатар заңға сәйкес мұғалімдердің балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беріледі.
Бұған қоса педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша және тек қана модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана тестілеуден өтеді.
Оқу-ағарту министрлігі болашақта педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын беру тәртібін қайта қарастыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ министрлік білім беру ұйымдарының білікті және тәжірибелі басшыларын "Болашақ" бағдарламасымен 3-6 айға шетелге тағылымдамадан өтуге жіберу бойынша шаралар қабылдауда.
Мұғалімдер күні қалай тойланады
Мұғалімдер күні қарсаңында елімізде "Үздік педагог" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады. Республикалық байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол уақыттан бері 620 ұстаз "Үздік педагог" атанған. Оларға 1000 АЕК (3 450 000 теңге) мөлшерінде сыйақы төленді.
Бұдан бөлек ұстаздарға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы беріледі. Бұл марапатқа ие болғандар айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады.
Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігі білім саласында 30 және одан көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді "Еңбек ардагері" медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы да жыл сайын ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтайды. Президент мұғалімдерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын әрдайым атап өтеді.
Бұл күні шәкірттер ұстаздарына жылы тілегін айтып, гүл сыйлап, мектептерде мерекелік концерт ұйымдастырылады.