Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкіміне қандай міндеттер жүктелді

Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, медицинаны дамыту, сондай-ақ екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарымен айналысады
Sputnik
АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлады Ақорда.
Олжас Бектенов Ғауез Нұрмұхамбетовтің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарғанын және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
"Жиналыста мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына ерекше назар аударылды", - деп жазылған хабарламада.
Облыстың жаңа басшылығына өңір экономикасын одан әрі дамыту, тұрғындарды сапалы ауызсумен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, медицинаны дамыту, сондай-ақ екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар міндет жүктелді.
Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің жауапты қызметіне табыс тіледі, сондай-ақ ол өңірді өркендетуге, дамытуға өз үлесін қосады, облыс тұрғындары мен Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтайды деп үміттенетінін айтты.
Президент әкімшілігінің басшысы өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа алғыс айтты және оның басшылығымен аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны артқанынын, жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, туризм саласын ілгерілету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әкімі болып тағайындалды