АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Қырғызстан республикалары өзара сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап жатыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Таразда өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I өңіраралық ынтымақтастық форумында айтты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I өңіраралық ынтымақтастық форумы
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Бизнес өкілдері екі күн бойы іскерлік әріптестіктің практикалық мәселелерін, ал өңірлер – экономикалық және әлеуметтік дамудың, агроөнеркәсіптік кооперацияның және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылайды.
Қырғызстан еліміздің маңызды сауда серіктесі. Екі ел арасында соңғы жылдары өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді.
2021 жылдың өзінде-ақ тауар айналымын $1 млрд-қа көтеру мақсатына қол жеткізілді, ал 2022 жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш тағы 19%-ға артты.
"Бүгінгі таңда алдымызда бұдан да ауқымды мақсат – сауда көлемін $2 млрд-қа жеткізу тұр. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Біз оларды белсенді түрде пайдалануымыз қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Ол үшін екі ел арасында тиімді инвестициялық өзара іс-қимыл жолға қойылған. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен $1,3 млрд инвестиция салды.
"Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз", — деді премьер-министр.
Келесі кезекте екі елдің үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы хаттамасына, ал Шымкент және Ош қалалары, Ақтөбе және Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойды.
Форумның екі күнінің қорытындысына сәйкес құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдерді, кешенді микротыңайтқыштарды, аммофосты, натрий цианидін, әктас пен тақтатастарды жеткізуді, сауда және делдалдық қызметтер көрсетуді, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен банк саласындағы бастамаларды іске асыруды көздейтін $65 млн-нан астам сома көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылды.